• Қазақстан Республикасы «Қызылорда облысының білім басқармасының Жалағаш ауданы бойынша білім бөлімінің «№119 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Жаңаталап ауылдық округі, Ә.Қожабаев №21 ғимаратта орналасқан.
  • Құрылған жылы – 1928 жыл.
  • Заңды тұлға ретінде ҚР Әділет министрлігіне қайта тіркелген күні мен тіркелу номері – 16 мамыр 2008 жыл. №141-1933-05-ГУ.
  • Білім беру қызметін жүзеге асыру құқығы туралы мемлекеттік лицензия номері, берілген күні және қолдану мерзімі - №0011400. 4 қазан 2002 жыл. Шектеусіз мерзімге берілген.
  • Мектеп жарғысының тіркелу номері мен тіркеуден өткен күні – В0222543. 9 қаңтар 1998 жыл.
  • Заңды тұлғаның БСН-і – 980140001201
  • Мектеп ғимаратының қайта салынып, пайдалануға берілген жылы – 30 тамыз, 2006 жыл.
  • Ғимараттың жалпы ауданы – 1521,9м2
  • Орналасқан жер учаскесінің ауданы – 10 058м2
  • Жобалық қуаты – 160 орындық.
  • Педагог қызметкерлердің жалпы саны – 31

Педагог-зерттеуші – 10

Педагог-сарапшы – 10

Педагог-модератор – 5

Педагог – 4

Бірінші санатты – 2

  • Оқушы саны – 152
  • Сынып комплектісі – 11
  • МАД тобы – 1
  • Оқу ауысымының саны – 1.

Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Жаңаталап ауылындағы

№119 орта мектеп туралы деректер

 

   Әр кезеңдердегі жазба деректерге сүйенсек,қазіргі «Жаңаталап» ауылы 1928 жылы көшпенділердің мың қаралы үйін Шаймағанбет ишан мешітінің төңірегіндегі кедейлермен күштеп коммунаға біріктірудің, отырықшыландырудың,малын ортаға салудың негізінде құрылған.

  Осы уақытта,яғни 1928 жылы ауылда алғаш бір кластық сауат ашу мектебі ашылған екен. Онда Ахмет Байтұрсынов жасаған төте оқудың ескі алфавиті бойынша мұғалім Наурызәлиев Нұржан бала оқытқан. Ол ескіше, арабша сауаты бар,сол кезде елулердің шамасындағы кісі болған.Бір кластық мектеп 1929-1933 жылдары латын алфавитімен оқытатын үш жылдық бастауыш мектепке айналып, онда мұғалімдер -Наурызәлиев Нұржан, Елеуов Алпысбай, Тоқсанбаев Әлішер дәріс берген. Тоқсанбаев Әлішер (Тоқсанбай  ахунның баласы) кейін Темірбек Жүргеновтің көмегімен Ташкеннен Петрбургке барып жоғары білім алған. Өзбекстанда жоғарғы сот төрағасы, тағы басқа қызметтер атқарған.

   Мектептің алғашқы шәкірттері –Жұбаниязов Қонарбай, Бақтыбаев Садық, Ибашев Есіркеп, Салмырзаева Бәти, Байғабылов Қосалы т.б.

  1934 жылы мектеп төрт жылдық бастауыш мектеп болып қайта құрылып,мектептің алғашқы меңгерушісі Әбуов Молдатай, ал мұғалімдері - Ақмырзаев Ідіріс, ағайынды Сәпи,Әбзали Егізбаевтар болған.

   Әбзали Егізбаев –1938-1939 жылдардағы жаппай репрессия кезінде «мектептің жөндеу жұмыстарын қасақана кешіктірген», «оқушы балалардың саны туралы өтірік ақпар берген» деген жалалармен айыпталып, екі жылдан астам уақыт айдауда, абақтыда болған. Кейін ақталып шығып,Ұлы Отан соғысына қатысқан, майдангер ақын ретінде облыс, республика көлемінде танымал азамат.Ә.Егізбаевтің ``Елімнің сырын еттім жыр`` атты өлең жырлары, толғау-дастандар  кітабын 1998жылы 1-қыркүйек –Білім күні мерекесінде Ақмырзаев Ідіріс әкеміз мектеп кітапханасына сыйға тартқан екен.

 

1934-1935 жылдары төртінші класты бітіріп шыққан мектептің ең алғашқы түлектері - Құлмаханов Сансызбай, Алмаханов Сәмен, Байғабылов Қосалы,Жұбаниязов Қонарбай, Қиынбаев Нәбит.б. отыз шақты бала болған.

  1940-1941 оқу жылынан бастап мектеп жеті жылдық болып құрылған. Мектеп директоры Қартабаев Пірназар болған. Мұнан соң 1942-1943 жылдары мектеп деректорлығына математика пәнінің мұғалімі Ізтілеуов Айтмағанбет тағайындалған. Ал оқу ісінің меңгерушісі Замединов Қартаңбай болған.

Елді мекендегі алғашқы мектеп үйлері қараша (киіз) үйлерде,кейін Шаймағанбет мешіті ғимаратында орналасқан.

   1936 жылы ''Жаңаталап'' колхозының төрағасы Әбжәлел Қожабаевтың басшылығымен  ауылда халықтық әдіспен жаңа мектеп үйі салынған. Оған қажетті материалдарды (бөрене.т.б) Қызылордадан Сырдария өзені арқылы, одан бері канал суымен сал етіп буып, ағызып жеткізген деген деректер бар. Бұл мектеп үйін салуға сол кезде көптеген ауыл ұсталары және ұснақты адамдар қатысқан екен. Солардың қатарында Хабар, Жұрмахан,Сансызбайаталарымыз сияқты ұсталар және Әбуов Молдатай, Ақмырзаев Ідіріс, Сәпи,Әбзали Егізбаевтар,Сәрсенбаев Сәби,Ғабдешов Халел т.б. мұғалімдер болған.Мектеп үйінің едені балшықпен,цементпен сыланған.

  Бұл құрылыс нысаны 1959  жылға дейін мектеп үйі ретінде пайдаланылды. 1963 жылға дейін колхоз кітапханасы , қызыл отау т.б мақсаттарға қызмет етті.

  1958-1959 жылдары Тілеу Тотаев колхоз басқармасының төрағасы болып тұрған кезде алты оқу класы, үш қосалқы бөлмесі, кең дәлізі бар мектеп үйін колхоз құрлысшылары асарлау әдісімен салып, іске қосқан.

  1959 жылы толық пайдалануға берілген мектеп үйінің еденіне ағаш төселген. Мектеп үйіне қажетті кесекті сол кезде жеті жылдық мектептің 6-7 сынып оқушылары мен колхозшылары құйып даярлаған.

  Мектеп директоры Төремұратов Тәуекелдің басшылығымен Жаңабаев Шахмұхтар, Бағыланов Әбиболла, Жұмағұлов Иманғали, Елмаханов Тұрар, Жәлиев Базарбай, Майлыбаев Жақсылық, т.б. мұғалімдер мектеп үйі құрлысының басы –қасында болды.

  Сол кездегі ауылдың құрылыс бригадасында еңбек еткен Қыдыралиев Омар, Хабаров Мәлік, Тілесов Шарапат, Әдиев Шайхы, Қыдыралиев Әбілда, Мусаев Ботабай сияқты т.б. кісілер құрлыстың уақытылы бітуіне үлес қосты. Бұл ғимарат 1986 жылға дейін мектеп болып пайдаланылды.

  1986-1987 жылдары  ''Жаңаталап'' совхозының директоры Әбекенов Әмірбек пен прораб Қоспанов Сайлау ағаларымызЖалағаш аудандық партия және совет атқару комитеттерінің нұсқауымен 27 орындық екі жатақхананы мектеп үйіне бейімдеп салдырды. Бұл құрылыстың бір бөлігі 1986 жылы пайдалануға берілді. Оның кірпішін құйып, іргетасын қалап, қабырғасын тұрғызған Қырғыз ССР-і Мемлекеттік Университетінін заң факультетінің студенттерінің құрылыс отряды  болды. Қалған жұмыстарын совхоз құрлысшылары аяқтады. Келесі 1987 жылы екінші бөлігін ауданаралық колхозстрой құрлыс мекемесі іргетасын қалап, күйдірілген кірпішпен өріп, төбесін темір бетон плиталармен жауып, аяқтап кіргізді.  Мектептің жаңа құрлысын сол кездегі мектеп директоры Маханов Алдаш қабылдады.

 1987 жылы желтоқсан айынан бастап мектеп директоры болып Мұхтарова Бақыт тағайындалып, 1989 жылғы маусым айына дейін қызмет істеді. 1987 жылдың қыркүйек айынан бастап  мектеп сегіз жылдық негізгі мектептен 10 жылдық жалпы орта мектепке айналды. Бұл мектеп тарихындағы елеулі оқиға еді. 1988-1989 оқу жылында 18 оқушы  тұңғыш рет мектепті жалпы орта білім туралы  аттестатпен  бітіріп шықты.

Осы кезеңде Совет мектебінде реформа жүргізу, мектепке мемлекеттік қамқорлықты күшейту мәселесі күн тәртібіне қойылып,бастауыш білім беру жүйесі төрт жылға, негізгі орта білім беру 9-сыныпқа  дейін,жалпы орта білім беру 11-сыныпқа дейін өзгертіліп, мектепке 6 жастан қабылдау басталып,6 жасарлар үшін мектепте ұйқы,ойын бөлмелері,асханалар ашылып,оларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету проблемалары шешіліп жатты.

 1989 жылы Ахатайұлы Ақарыстан мектеп директоры болып тағайындалды. Осы жылы мектепке спорт залын салу ісі қолға алынды. Сол кездері аудандағы №17 құрылыс учаскесін басқарған ауылдың азаматы Әбжәлелов Әбулайстың атсалысуымен спорт залының қабырғасы тұрғызылып,төбесі жабылды. Сол кезең 1990-1991 жылдардағы кеңес үкіметінің ыдырауына сәйкес келіп,құрылыс аяқталмай,қаржыландырылмау себебінен  тоқтап қалды.Қалған жұмыстарын Ахатайұлы Ақарыстанның басшылығымен мұғалімдер Тілесов Әділ, Оспанов Марат, Омаров Мейрамбектер өз күштерімен аяқтап, іске қосты. Бұл спорт залы 1991 жылдан бері халық игілігіне қызмет етіп келеді.

   1986-87 жылдары салынған мектеп үйі Кеңес одағының ыдырауы, Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуы секілді қилы тарихи оқиғалар кезеңінде халық игілігіне қызмет атқарды. Ол тұстағы ел экономикасының күрделі, қиын жағдайда болуы білім саласына да қатты әсер етті. Республикадағы барлық білім беру ұйымдары мемлекет тарапынан жасалатын қаржылай және материалдық қамқорлықтан тыс қалған сол бір қиын жылдардаАхатайұлы Ақарыстан басқарған ұстаздар ұжымы мектеп үйінің ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, қысқы маусымдағы отынмен қамтамасыз ету, т.б. шаруашылық мәселелерін өз күштерімен шешіп, тіпті жылға жуық уақыт еңбекақы төленбей қалған кездерде де ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісін ақсатпай, шәкірт алдындағы ұстаздық міндеттерін адал атқара білді. 

  Мектеп құрылған  1928-1929 жылдардан бастап  1991 жылға дейінгі кезең кеңес дәуірінің саясатын, идеологиясын жүзеге асыру кезеңі болды.  Осы кезеңдерде барлық кеңестік мектептер бастан кешірген жаңарулар, ізденістер, реформалар осы мектеп өмірінде де белгілі бір дәрежеде көрініс тапты. Жаппай сауатсыздықты жоюға арналған бір жылдық мектептен жалпыға міндетті орта білім беретін 11 жылдық жалпы орта мектеп деңгейіне дейін қол жеткізілді.

Әртүрлі кезеңдегі педагогикалық озат тәжірибелер, қозғалыстар насихатталып отырды. Әрине, солардың ішінде уақыт талабымен үндес, сыннан өткендері өміршеңдік танытты. Уақыт талабынан шықпағандары қолданыстан шығып қалды. Ол кезеңдегі педагогика ғылымы мен практикасының дамуының методологиялық негізі марксизм ленинизм ілімі болды.

       Мектептің ұстаздары мен шәкірттері халық қатысқан барлық істерге белсене араласып отырған. Олардың  арасында Ұлы Отан соғысы  ардагерлері, еңбек майталмандары боландар да бар. Атап айтар болсақ, Ұлы Отан соғысының ардагерлері -

Ақмырзаев Ідіріс, Байғабылов Қосалы, Егізбаев Әбзали, Өтегенов Бөрібай,  еңбек ардагерлері - Бегімова Қытайы, Махмутов Тәңірберген, Әбдіраймов Әбдіқұл, Елемесов Елтай, Ысқақов Алдаберген т.б есімдерін бүгінгі күні мақтанышпен айта аламыз.Талантты мектеп түлектері де коп болған. Мысалы, Салықбаев Зордан, Дайрабаев Тынышбек, Әбжамилов Жұмабек ақындық, журналистік талантттарымен көзге түскен.

         Мұғалімдер арасында аудандық, облыстық, республикалық білім мекемелері мақтау қағаздарымен,  білім беру ісінің үздігі белгісімен марапатталғандарыда бар. Сонымен қатар, әртүрлі жоғары оқу орындарын бітіріп түрлі салада еңбек етіп жатқан мектеп түлектері, қазір оқып жатқан  шәкірттер көптеп саналады.

         1991 жылы желтоқсан айында Кеңестер Одағының ішкі, сыртқы қиыншылықтар салдарынан өздігінен ыдырауы нәтижесінде бұрынғы он бес одақтас республикалардың қатарында Қазақстан да өз тәуелсіздігін  жарияланды.

         Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет мәртибесіне ие болуы, қазақ тілінің мемлекеттік тіл құқығына көтерілуі, Білім туралы, жастар  саясаты туралы Заңдардың қабылдануы келешек ұрпақ тәрбиесіне жаңаша үлкенжауапкершілікпен қарауды талап етті.

 Еліміз тәуелсіздігін алғанан кейін бірінші рет 1993 жылғы 28қаңтарда, екінші рет1996 жылғы 30 тамызда жаңа сипатағы қоғамға лайық Ата заңымыз қабылданды .

 1997 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақтың халқына жолдауында «Қазақстан-2030» стратегиялық даму бағдарламасы жарияланды. Онда мектеп  алдындағы міндеттерде сараланды, мектептегі оқу- тәрбие жұмысының сапасын арттыру, оның әдістері мен тәсілдерін жетілдіру, жастарға терең білім мен сапалы тәрбие берудің басты бағыттары көрсетілді.

  Бұл құжаттан туындайтын міндеттерді саралау бойынша аудандық мұғалімдер мәслихаты, облыстық білім беру қызметкерлері конференциясы, республика білім беру қызметкерлерінің 1- құрылтайы өткізілді,нақты іс- шаралар белгіленді.

Білім саласына мемлекет тарапынан жасалған осындай нақты іс-қимылдардың аясында мектепке заман талаптарына сай келетін жаңа ғимарат салу қажеттігі туындап еді. Мектеп директоры А. Ахатайұлы осы мәселені көтеріп, сол кездегі аудандық мәслихаттың депутаты, Еңбек Ері Ұзақ Еспановтың ықпал жасауымен және аудан әкімі Ж. Ибраевтың қолдауымен шешімін тауып, 2003 жылы жаңа ғимараттың жобалау-сметалық құжаттары жасалды. 2004 жылғы мамыр айында басталған мектеп құрылысы 2006 жылы аяқталып, жаңа ғимарат тамыз айында толық пайдалануға берілді. 2006 жылғы қыркүйек  айы мен 2007 жылғы маусым айы аралығында мектеп ұжымын Тоғызбаев Марсбек басқарды. Осы оқу жылында мектептің физика кабинетіне заманауи талапқа сай жабдықтар алынды. 

Мектеп ұжымының бүгінгі атқарып отырған жұмысының бағасын келер ұрпақ берер деп ойлаймын. Бүгінгі күні шәкірттеріміз түрлі  халықаралық, республикалық, аудандық олимпиадалар мен конкурстардың, өнер байқаулары мен спорттық сайыстардың жеңімпаздары атанып жүр. Мұғалімдер де түрлі  педагогикалық  конференцияларға қатысып, әдістемелік тұрғыда тәжірибе алмасып,кәсіби біліктіліктерін үздіксіз жетілдіруде. Ұстаздардың шығармашылық ізденісі мен тынымсыз еңбегінің арқасында мектептің даму көрсеткіштері оқу-тәрбие процесінің барлық бағыттары бойынша жыл сайын жоғарылап келеді. Жалпы алғанда мектеп ұжымы еліміздегі барлық орта мектептер секілді білім беруді дамыту мақсатындағы бірнеше реформаларды бастан өткере отырып, мемлекеттің жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісіндегі саясатын ойдағыдай жүзеге асырып келеді.

   Мінекей, қазақтың қанша баласын тарыдай кезінен бауырына алып, таудай болып шыққанша білім мен тәрбиенің мәйегімен сусындатып келе жатқан қасиетті білім ордасының 90 жылдық ғұмыры, 90 жылда жүріп өткен жолы туралы біз білетін деректер осындай.

 

Алмат Бақытбекұлы Рахметов

10 сәуір 2018 жыл